2026 жылғы 10 наурызда Республикалық заң консультанттары алқасы мен «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Республикалық халықтық коалициясы делегациясының құрамында Жезқазған қаласындағы Kazakhmys Smelting компаниясының құрамына кіретін «Kazkat» зауытының еңбек ұжымымен кездесуге қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері мен алдағы республикалық референдумның маңызы туралы ақпарат ұсынылды.
Еңбек ұжымы алдында сөз сөйлеген Серік Ақылбай жаңа Конституция қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретінін және қоғамның әділеттілікке, заң үстемдігін нығайтуға әрі азаматтардың құқықтарын қорғауға деген сұранысын көрсететінін атап өтті.
Оның айтуынша, Негізгі заң жобасында адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті дамыту және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Онда еңбек ұжымының өкілдері еңбек құқықтары, әлеуметтік тұрақтылық және конституциялық реформалардың ел дамуына әсері жөніндегі мәселелерді талқылады.
Кездесу қорытындысында қатысушылар республикалық референдумға азаматтардың қатысуы халық еркін тікелей білдіру тетігі ретінде маңызды екенін атап өтті.
Іс-шараның жалпы қамтылуы шамамен 60 адамды құрады.
