2026 жылғы 10 наурызда Республикалық заң консультанттары алқасы мен «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалиция делегациясының құрамында Ұлытау облысының Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасының еңбек ұжымымен өткен кездесуге қатысты.
Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Кездесуге сондай-ақ Парламент депутаттары, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, заңгерлер және өңір тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері таныстырылып, алдағы республикалық референдумның маңызы түсіндірілді.
Кездесу барысында сөз сөйлеген Серік Ақылбай конституциялық өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және құқықтық мемлекетті дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Негізгі заң жобасында еңбек адамының құқықтарын қорғауға, өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және қоғамдық келісімді нығайтуға ерекше назар аударылған.
Кездесу барысында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрақтылық және конституциялық реформалардың өнеркәсіптік өңірдің дамуына ықпалы мәселелерін талқылады.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Еңбек ұжымы өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы республикалық референдумға азаматтардың қатысуы халық еркін тікелей білдіру тетігі екенін атап өтті.
Іс-шараның жалпы қамтылуы шамамен 200 адамды құрады.
