Жарияланды: 20.08.2025
«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтті.

Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары мен аудандық әкімшілік қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, қабылдауға Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Шымкент қаласының заң консультанттары палатасының мүшесі Нұрлан Мырзабай Альжанұлы қатысып, қала тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті.

Қабылдау барысында тұрғындар жер, баспана, құқықтық және әлеуметтік бағыттағы мәселелерін көтерді. Нұрсәт шағын ауданының І топ мүгедегі көлігіне байланысты бірнеше миллион теңгеге айыппұл салынып, оны төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып шағымданды. Оның айтуынша, айыппұл көлемінің өскенін бірнеше жылдан кейін білген. Заң бойынша қарызы қысқартылғанымен, әлі күнге дейін есеп-шоттарын аша алмай отырғанын жеткізді.

Мәселені мұқият тыңдаған Мәжіліс депутаты әрбір іс заң аясында қаралатынын ескертіп, прокуратура және тиісті органдар тарапынан зерттелетінін айтты. «Кез келген жағдай тек заң аясында шешіледі. Егер берешек немесе заңмен міндеттелген талаптар болса, оны орындауға тура келеді. Дегенмен, бұл мәселе бақылауымда болады», – деді Болатбек Нажметдинұлы.

Сонымен қатар, Нұрсәт шағын ауданының тағы бір тұрғыны көпқабатты тұрғын үйдегі істен шыққан лифтіні жөндету мәселесін көтерді. Айтуынша, қызмет көрсетуші мекеме келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамаған. Депутат тиісті басқармаға жағдайды толық зерттеп, бір ай мерзім ішінде заң аясында оң шешім қабылдауды тапсырды.

Жалпы қабылдауға 20-ға жуық азамат келіп, түрлі мәселелерін ортаға салды. Олардың бірқатары дер кезінде шешілсе, кейбірі тереңірек зерделеуді қажет ететіндіктен хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.

«AMANAT» партиясы халықтың талап-тілегін тыңдауды және азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді шешуді басты назарда ұстайды.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: