Астана қаласы Білім басқармасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі №1992 бұйрығымен №17, 22, 30, 32, 80, 87, 90 және 97 жалпы білім беретін мектептерде «Әділет мектебі» инновациялық жобасын енгізу бекітілді.
Жобаның бастамашылары – №97 мектеп-лицейінің директоры Зәмзәгүл Ертайқызы Қиянова және Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Астана қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі Анара Ағыбайқызы Сағындықова жетекшілік ететін «ADAL Solution» консалтингтік орталығы.
Жоба білім алушылардың құқықтық сауаттылығын, азаматтық жауапкершілігін және әділдік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бастаманы іске асыру аясында инновациялық білім беру және тәрбие әдістемелерін енгізу, сот процестерін модельдеу бойынша практикалық сабақтар өткізу, сондай-ақ заң саласы мамандарымен кездесулер ұйымдастыру көзделген.
2026 жылғы 16 ақпанда жоба аясында «Заңгермен бір күн» атты іс-шара өтті. Тәжірибелі заңгерлер А.А. Сағындықова мен А.К. Мұқашева кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде мектеп оқушылары оқу сот процесін сахналау арқылы алған білімдерін іс жүзінде көрсетті.
Сонымен қатар, іс-шара спикерлерімен тақырыптық подкасттар жазылды.
«Әділет мектебі» алаңында өткен мазмұнды диалог құқық негіздерін мектеп қабырғасынан оқытудың маңыздылығын және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін дамыту қажеттілігін айқындай түсті.
