2026 жылғы 24 қаңтарда Астана қаласында Конституциялық соттың төрайымы Эльвира Азимованың төрағалығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Отырыс барысында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Серік Ақылбай Конституцияда діннің мемлекеттен бөлінуі туралы тікелей норманы бекіту жөнінде ұсыныс білдірді.
Оның пікірінше, мемлекеттің барлық діни бірлестіктерге қатысты ұстанымы бейтарап болып қалуы тиіс. Бұл – қоғамдық келісімнің, тұрақтылықтың және мемлекеттік институттарға деген сенімнің маңызды шарты. Сондай-ақ ол Конституция жоғары заңдық күші бар акт ретінде мұндай сезімтал салада кеңінен түсіндіруге жол бермеуі керектігін атап өтті.
«Діннің мемлекеттен бөліну қағидатын тікелей бекіту – сенушілердің құқықтарын шектеу емес, керісінше, билік тарапынан оларға тең қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Көпконфессиялы қоғамда мемлекет бейтарап төреші болуы тиіс. Мемлекеттік аппарат пен діни догмалар арасындағы айқын шекара ғана азаматтық татулықты сақтауға мүмкіндік береді. Осы қағидатты бекіте отырып, біз қоғамға нақты сигнал береміз: заң баршаға ортақ, ал мемлекеттік шешімдер азаматтардың діни көзқарасына қарамастан, барлығының мүддесі негізінде қабылданады», – деп атап өтті Серік Ақылбай.
Бастаманың қоғамдық маңыздылығына тоқтала келе, ол діннің мемлекеттен бөліну қағидатын конституциялық деңгейде бекіту Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі бағытын нығайтудың қисынды әрі жүйелі жалғасы болатынын айтты.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде зайырлы мемлекеттің қағидаты Қазақстан мемлекетінің іргелі негізі екенін бірнеше рет атап өткен. Атап айтқанда, Ұлттық құрылтай отырысында мемлекетіміздің зайырлы сипатын айқындайтын нормаларды сақтау және күшейту қажеттігі көрсетілген.
Серік Ақылбай халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Бүгінде бірқатар зайырлы мемлекеттердің конституцияларында діннің мемлекеттен бөліну қағидаты тікелей бекітілген. Олардың қатарында Германия Федеративтік Республикасы, Түркия Республикасы, Қырғыз Республикасы және басқа да елдер бар.

