2026 жылғы 4 ақпанда Астана қаласында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының сараптамалық талқылауы өтті.
Іс-шараға заңгерлер қауымдастығының, мемлекеттік органдардың, судьялар корпусының, нотариат пен жеке сот орындаушылардың, ғылыми қауымдастықтың, заң консультанттары палаталарының, сондай-ақ «Respublica» саяси партиясының өкілдері және Қазақстан заңгерлер одағының Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарындағы өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.
Кездесуді заңгерлер одағының атқарушы директоры Арғын Искакбеков жүргізді.
Негізгі баяндаманы Конституциялық комиссияның мүшесі, Заңгерлер одағының төрағасы және Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Серік Ақылбай жасады.
Өз сөзінде Серік Ақылбай жаңа Конституция жобасы жекелеген түзетулердің жиынтығы ғана емес, қоғамның заманауи сұраныстары мен мемлекеттің дамуындағы стратегиялық бағдарларды бейнелейтін Негізгі заңның тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартылған үлгісі екенін атап өтті. Адам құқықтары мен бостандықтары блогын күшейтуге, оларды мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде бекітуге, сондай-ақ оларды қорғаудың қосымша құқықтық кепілдіктерін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Жобада алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау, оның ішінде дербес деректерді қорғау мәселелері бекітілетіні атап өтілді. Сонымен қатар, білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты әрі адами капиталды дамытудың іргетасы ретінде айқындалады.
Сондай-ақ қағидатты ережелердің қатарында мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын растау, қоғамдық келісімді нығайту, әділеттілік, заңдылық және құқықтық тәртіп конституциялық құндылықтарын бекіту көзделген.
Сараптамалық ұстанымдарды бейінді институттардың басшылары мен өкілдері ұсынды. Олардың қатарында Республикалық нотариаттық палата төрағасы, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы, Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы өкілдері, саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан заңгерлер одағының Жетісу, Ақмола және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік құрылымдарының басшылары болды.
Қатысушылар билік тармақтарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ заманауи сын-қатерлерді ескере отырып құқықтық жүйені жаңғыртуға бағытталған институционалдық өзгерістерді талқылады.
Талқылау қорытындысы бойынша кәсіби қауымдастық жаңа Конституция жобасының тұжырымдамалық тәсілдерін жалпы қолдап, оны одан әрі жетілдіру үшін ұсыныстар жолдауға дайын екенін білдірді.
