2025 жылғы 31 қазанда еліміз бойынша «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы сәтті өтті. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тегін заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған бұл іс-шара өзінің жоғары әлеуметтік маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Акцияның ұйымдастырушылары ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, ҚР Әділет министрлігі, мемлекеттік органдар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, ProSud.kz сервисі, Республикалық адвокаттар алқасы, Республикалық заң консультанттары алқасы (РЗКА), сондай-ақ елдің жетекші заңгерлері мен адвокаттары қатысты.
«Халық заңгері» акциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді және игі дәстүрге айналды. Осы уақыт ішінде 400 мыңнан астам қазақстандық тегін заңгерлік көмек алды, ал іс-шараларға 10 мыңнан астам заңгер мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Тек биылдың өзінде 165 мыңнан астам адамға кеңес берілді.
Азаматтар құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша көмекке жүгінді, оның ішінде:
📌 тұрғын үй және еңбек даулары;
📌 отбасы, мұрагерлік, салық және жер құқығы;
📌 әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер;
📌 тұтынушылардың құқықтарын қорғау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру;
📌 тауар белгілерін тіркеу және кәсіпкерлік даулар.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына – аз қамтылған азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ кәсіпкерлер мен студенттерге ерекше назар аударылды.
Республикалық заң консультанттары алқасының палаталары акцияны белсенді қолдап, еліміздің 64 елді мекенін қамтыды. Іс-шараға 112 заң консультанты қатысып, азаматтарға өзекті мәселелер бойынша тегін көмек көрсетті. Олардың ішінде алаяқтық пен интернет-қылмыстар, атқарушылық іс жүргізудің ерекшеліктері, мәмілелерді жарамсыз деп тану, ПИК пен МИБ қызметіне қатысты мәселелер, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ банктер мен адал емес делдалдармен туындайтын даулар болды.
Республикалық заң консультанттары алқасы палаталарының басшылары азаматтардың заң консультанттарының кеңестеріне жоғары қызығушылық танытқанын атап өтті. Кеңес барысында азаматтарға толық әрі білікті түсіндірмелер берілді. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде іс-шараны ұйымдастыруда жетілдіруді қажет ететін тұстар байқалды: бір палатадан небәрі екі-үш маманның қатысуы азаматтардың ұзақ кезекте тұруына себеп болды.
Акцияға қатысушылардың көпшілігі ұйымдастырушылар мен заң консультанттарына көрсеткен ықыласы мен кәсіби шеберлігі үшін алғыстарын білдірді. «Халық заңгері» жобасы әлдеқашан жай ғана кеңес беру алаңынан шығып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал ететін ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды.
Азаматтардың жоғары қызығушылығын ескере отырып, Республикалық заң консультанттары алқасы республикалық деңгейдегі акцияларды ҚР Әділет министрлігінің қолдауымен заң консультанттарының, адвокаттардың, нотариустар мен жеке сот орындаушыларының қатысуымен өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Тегін заңгерлік көмек көрсету Қазақстанның барлық өңірлерінде өзектілігін сақтап келеді. Мұндай бастамалар ағартушылық тұрғыдан зор маңызға ие болып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтуға ықпал етеді.
