2026 жылғы 27 ақпанда Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы №29108 әскери бөлімінде жаңа Конституция жобасын қолдау аясында әскери қызметшілермен түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері, атап айтқанда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай, өңірлік коалиция өкілдері Серік Мұқанов, Республикалық заң консультанттары алқасының (РЗКА) құрамына кіретін Алматы қаласы «Құқықтық қорғау және заң көмегін көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының мүшесі, сондай-ақ «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Жетісу облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Құдайберген және Асхат Бәзілов қатысты.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, соның ішінде парламент құрылымын реформалау, өкілдіктің пропорционалды моделіне көшу, вице-президент институтын енгізу, сондай-ақ некені мемлекет ресми түрде тіркейтін ер мен әйелдің одағы ретінде тану нормасы түсіндірілді.
Спикерлер ұсынылып отырған өзгерістер әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Әскери қызметшілер конституциялық өзгерістердің әлеуметтік салаға ықпалы жөнінде сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Іс-шараның жалпы қамтылуы 200 адамды құрады.

