Жарияланды: 15.04.2026
Көкшетауда студенттермен «Заң және тәртіп» тақырыбында кездесу өтті

2026 жылғы 15 сәуірде Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Ақмола облысының заң консультанттары палатасының мүшесі Шигитаев К.С. Медиация кеңесінің мүшелерімен бірлесіп Көкшетау қаласындағы «Арна» жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында қатысушылар «Заң және тәртіп» тақырыбын талқылады. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ дауларды сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктерін түсіндіру болды.

Кездесуде медиация институтына ерекше назар аударылды: қатысушыларға медиатордың рөлі, оның қызметінің ерекшеліктері және дауларды сотқа дейін реттеудің артықшылықтары жан-жақты түсіндірілді. Нақты мысалдар арқылы дауларды диалог және өзара келісім арқылы шешу мүмкіндіктері көрсетілді.

Кездесудің модераторы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Жандос Шарипов болып, талқылаудың ашық әрі мазмұнды өтуін қамтамасыз етті.

Іс-шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті.

Кездесуге шамамен 70 адам қатысты. Осындай іс-шараларды өткізу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: