Жарияланды: 01.07.2026
Ақмола облысы заң консультанттары палатасының өкілдері Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларына арналған оқыту семинарына қатысты

2026 жылғы 30 маусым – 1 шілде аралығында Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Ақмола облысы заң консультанттары палатасының және Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қатысушылары адам құқықтарын қорғау саласындағы кәсіби білімдерін жетілдіруге және тәжірибе алмасуға арналған оқыту семинарына қатысты.

Семинар барысында Ұлттық алдын алу тетігі қызметінің өзекті мәселелері, оның қатысушылары мен Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ азаптаудың және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастың өзге де түрлерінің алдын алу тетіктері талқыланды. Сонымен қатар, жабық мекемелерге мониторинг жүргізудің озық тәжірибелері қарастырылды.

Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына ұйымдастырылған сапар болды. Семинарға қатысушылар Конституциялық Соттың қызметімен, оның Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлімен танысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әбілқасымқызы Азимова қатысушыларға 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының даналарын табыс етті.

Осындай іс-шараларға Палата өкілдерінің қатысуы заң консультанттарының кәсіби біліктілігін арттыруға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: