Жарияланды: 14.01.2026
Несиеге алынған жаңа автокөлік: дилерлік мәміле қалайша халықаралық жанжалға ұласты?

Көкшетау қаласының тұрғыны ресми дилерден автокөлік сатып алғаннан кейін күрделі құқықтық және қаржылық жағдайға тап болды. Банк арқылы рәсімделген, барлық талаптарға сай және заңдылығына күмән тудырмаған мәміле арада 2,5 жыл өткен соң күтпеген салдарға әкелді – автокөлік құқық қорғау органдары тарапынан алып қойылып, халықаралық іздеуде жүргені анықталды.

2023 жылғы 8 ақпанда Марал Иманбаева ресми автосалоннан несиеге автокөлік сатып алған. Барлық құжаттар белгіленген тәртіппен рәсімделіп, көлік екі жылдан астам уақыт бойы еш кедергісіз пайдаланылған. Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында аталған автокөліктің 2021 жылы Ресей Федерациясында ұрланған көлік ретінде халықаралық іздеуде болғаны белгілі болды.

Өтініш берушінің айтуынша, көлік полиция қызметкерлері тарапынан алып қойылған, осыған байланысты ол өз құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Бұл ретте автокөлік бойынша банктік несие міндеттемелері әлі күнге дейін күшінде қалып отыр.

«Мен автокөлікті ресми дилерден сатып алдым. Біраз уақыт өткеннен кейін полиция қызметкерлері оны алып қойды. Қазір мен көліксіз, қаражатсыз қалдым, сонымен қатар автонесие бойынша төлемдерді жалғастырып отырмын», – деді Көкшетау тұрғыны Марал Иманбаева. Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Көкшетау қаласы тұрғынының өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 386-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады полиция департаменті бөлімінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.

Қазіргі уақытта автокөлік арнайы сақтау орнына қойылып, қылмыстық іс аясында заттай айғақ ретінде қарастырылуда. Жәбірленуші тұлға әзірге «адал сатып алушы» ретінде танылмаған, осыған байланысты келтірілген шығынды өтеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда мәміленің құқықтық тазалығы үшін сатушы тараптың жауапкершілігі шешуші мәнге ие.

«Бұл жағдайда автокөлікті сатқан автосалон мәміленің заңдылығы мен құқықтық тазалығына жауапты. Сонымен қатар, автокөліктің Қазақстан Республикасының аумағына қалай жеткізілгені, кедендік рәсімдеуден және мемлекеттік тіркеуден қалай өткені заңды сұрақ туындатады. Егер көлік нарыққа шығарылған болса, сатушы оның құқықтық мәртебесіне жауап береді», – деп атап өтті Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Ақмола облысы заң консультанттары палатасының мүшесі Қанат Шигитаев.

Тергеу амалдары жүріп жатқан уақытта, зардап шеккен тарап өте қиын жағдайда қалып отыр: ол көлігінен де, ақшасынан де айырылды, сонымен қатар мойнында әлі де өтелмеген несие міндеттемелері бар. Соған қарамастан, Көкшетау қаласының тұрғыны өзін адал сатып алушы ретінде тануға, келтірілген шығынды өндіріп алуға және сот тәртібімен әділдікті қалпына келтіруге ниетті.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: