2025 жылдың 12 желтоқсанында Республикалық заң консультанттары алқасы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Ахметова А.К.-мен бірлесіп, «2025 жылғы еңбек заңнамасына енгізілген түзетулер» атты өзекті тақырыпқа арналған ағымдағы жылдың қорытынды вебинарын өткізді.
Вебинар барысында спикер Айгүл Кәкенқызы 2025–2026 жылдарына арналған еңбек заңнамасындағы негізгі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Түзетулер жұмыскерлерді қорғауды күшейтуге, әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға және еңбек нормаларын ХЕҰ конвенцияларына сәйкестендіруге бағытталған. 2026 жылдан бастап базалық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ұлғайтылады, сондай-ақ жұмыскерлердің жаңа құқықтары енгізіледі. Олардың қатарында ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өмірінің қол сұқпаушылығын құрметтеу құқығы, сондай-ақ еңбек жағдайларының өзгеруі туралы міндетті жазбаша хабарлама алу құқығы бар. Сонымен бірге жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі нақтыланып, Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілеттіктері кеңейтіледі.
Маңызды жаңалықтардың бірі – еңбек қатынастарының белгілері болған жағдайда еңбек шарттарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға тыйым салу. Кәсіподақтардың өкілеттіктері кеңейтіледі, оның ішінде ереуілдер мен бейбіт жиналыстар ұйымдастыру құқығы беріледі. Түзетулер сондай-ақ Әлеуметтік кодекске және денсаулық сақтау туралы заңнамаға қатысты: жұмыс істемейтін әкенің кішкентай баласына қарау кезеңін еңбек өтіліне есептеу, сондай-ақ өндірістік жарақаттардың ауырлық дәрежесін айқындау тәртібін нақтылау жоспарлануда.
Вебинар барысында қатысушылар қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар алды. Іс-шараның қорытындысы бойынша заң консультанттары ұсынылған ақпараттың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтіп, спикерге және Республикалық заң консультанттары алқасына вебинарды жоғары кәсіби деңгейде өткізгені үшін алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың басынан бері Республикалық заң консультанттары алқасы тәжірибелі заңгерлердің, мемлекеттік органдар өкілдерінің, судьялардың, нотариустардың және жеке сот орындаушыларының қатысуымен түрлі өзекті тақырыптар бойынша 29 тегін вебинар өткізді. Осы кезеңде шамамен 4000 біліктілікті арттыру сертификаты берілді.
Вебинар тақырыптары Алқа палаталарының сұраныстары негізінде қалыптастырылады. Алдағы оқу іс-шараларына қатысты ұсыныстар мен ұсынымдарды өз палатаңыздың басшылығына жолдай аласыз.

