2026 жылғы 15 мамырда Республикалық заң консультанттары алқасы Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Бекенқызы Қуйкабаевамен бірлесіп «Қазақстанның сот тәжірибесінде талап қою мерзімін қолдану» тақырыбында оқыту вебинарын өткізді.
Вебинар барысында спикер талап қою мерзімін қолданудың құқықтық негіздерін, жалпы және арнайы мерзімдерді қолдану ерекшеліктерін, мерзімдерді есептеу тәртібін, оларды тоқтата тұру, үзу және қалпына келтіру негіздерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар талап қою мерзімін өткізіп алу мәселелері бойынша сот практикасына, мерзімді қалпына келтіру себептерінің дәлелділігіне, сондай-ақ сотқа жүгіну кезінде тараптар жиі жіберетін қателіктерге ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, қатысушыларға талап қою мерзімін қолдану және қалпына келтіру туралы өтінішхаттарды дайындау бойынша практикалық ұсынымдар беріліп, сот практикасынан мысалдар келтіріліп, өзекті кейстер талқыланды.
Вебинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен 170-тен астам заң консультанты қатысты. Іс-шараның негізгі бөлімінен кейін сұрақ-жауап сессиясы өтіп, оның барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауаптар алды.
Қатысушылар мазмұнды әрі тәжірибеге бағдарланған вебинар үшін спикерге және Республикалық заң консультанттары алқасына алғыстарын білдірді.
Республикалық заң консультанттары алқасы заң консультанттарының біліктілігін арттыру және кәсіби қауымдастықты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Бұл бағыттар Алқа қызметінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. 2026 жылдың басынан бері Алқа судьялардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, практик-заңгерлердің және құқық саласындағы өзге де сарапшылардың қатысуымен 15 тегін оқыту вебинарын өткізді.
Вебинарлар тақырыбы құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері мен Алқа құрамына кіретін заң консультанттары палаталары мүшелерінің сұраныстарын ескере отырып қалыптастырылады.
Өткізілген оқыту іс-шаралары туралы ақпаратпен және вебинар жазбаларының мұрағатымен Алқаның ресми сайтында танысуға болады: https://rcla.kz/kz/obuchenie
