2026 жылғы 13 ақпанда Астана қаласында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Республикалық заң консультанттары алқасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжат құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу мақсатында өзара сындарлы іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Меморандум аясында бірлескен құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, дөңгелек үстелдер, семинарлар және өзге де іс-шаралар өткізу, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ақпарат алмасу көзделген.
Ынтымақтастық шеңберінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясының қызметкерлеріне және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын олардың отбасы мүшелеріне мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге ерекше назар аударылатын болады. Азаматтарды қабылдау «Жылы жүрекпен» әлеуметтік жобасы аясында Дирекцияның және оның құрылымдық бөлімшелерінің диалогтық алаңдарында, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүргізу жоспарлануда.
Республикалық заң консультанттары алқасы еліміздің 13 өңірлік палатасын және 4 500-ден астам заң консультантын біріктіреді. Алқа заң консультанттары институтын жүйелі түрде дамытып, тегін заң көмегін ұйымдастыруды үйлестіреді, заңнаманы жетілдіруге қатысады және мемлекеттік әрі қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл шеңберінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырады.
Меморандумға қол қою ұлттық компания мен заң консультанттары институты арасындағы әріптестікті нығайтудың, білікті заң көмегінің қолжетімділігін арттырудың және қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамытудың маңызды қадамы болды.
Республикалық заң консультанттары алқасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа ынтымақтастыққа ашықтығы және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайындығы үшін алғыс білдіреді.
