2026 жылғы 4 қыркүйекте Республикалық заң консультанттары алқасы «Қазақстан Республикасының „Нотариат туралы“ Заңына өзгерістер енгізу туралы» тақырыбында оқыту вебинарын өткізді.
Вебинарда спикер ретінде Республикалық нотариаттық палатаның атқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Рыспекова Гүлнар Оразовна қатысты.
Вебинар барысында нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау, Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйе мен нотариаттық цифрлық архивтің жұмыс істеуі, жекелеген нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібі, атқарушылық жазба, сондай-ақ нотариаттық палаталар мен тәртіптік комиссиялардың қызметіне қатысты заңнамаға енгізілген негізгі өзгерістер қаралды.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен жүзден аса заң консультанты қатысты.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын сұрақ-жауап бөлімі тудырды. Заң консультанттары атқарушылық жазбаларға, нотариаттық әрекеттерге және тәртіптік комиссиялардың шешімдеріне шағым жасауға, нотариаттық палаталардың қызметіне, «Е-нотариат» электрондық сервистеріне, нотариаттық құжаттарды сақтауға және нотариаттық практикаға қатысты басқа да өзекті мәселелер бойынша практикалық сұрақтар қойды. Спикер келіп түскен сұрақтарға толық жауап беріп, тиісті практикалық түсіндірмелер берді. Қатысушылар спикерге және Республикалық заң консультанттары алқасына мазмұнды әрі практикалық бағыттағы вебинар өткізгені үшін алғыстарын білдірді.
Республикалық заң консультанттары алқасы заң консультанттарының біліктілігін арттыру және кәсіби қоғамдастықты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
Өткізілген оқыту іс-шаралары туралы ақпаратпен және вебинарлар жазбаларының мұрағатымен Алқаның ресми сайтынан танысуға болады: https://rcla.kz/kz/obuchenie

