2026 жылғы 18 қыркүйекте Республикалық заң консультанттары алқасы «Заңгерлік қызметтердің бағасын белгілеу» тақырыбында оқыту вебинарын өткізді.
Вебинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен жүзден астам заң консультанты қатысты.
Спикерлер ретінде Астана қаласы бойынша «Атамекен» ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі, «Сауда және қызмет көрсету» салалық кеңесінің төрағасы, «KORGAN» заң компаниясының басшысы, Астана қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі Ешмуратов Сакен Асайнович және қаржыгер, инвестор Жадигер Маусымбаев сөз сөйледі.
Вебинар барысында қатысушылар заңгерлік қызметтердің бағасын белгілеуге және заң бизнесінің қаржылық моделін ұйымдастыруға қатысты практикалық мәселелерді қарастырды. Шығындардың құрылымына, маржа мен маржиналдылықты есептеуге, залалсыздық нүктесін, рентабельділікті айқындауға және қызметтердің құнын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қаржыны басқару, жоспарлау, сату және маркетинг, сондай-ақ заң компаниясының тиімді жұмыс істеуіне қатысты мәселелер қамтылды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын сұрақ-жауап сессиясы тудырды. Заң консультанттары заңгерлік қызметтер үшін сыйақы мөлшері, рентабельділік пен маржиналдылық көрсеткіштері, салықтық есепке алу, көлік және қызметкерлерді оқыту шығындары, заң консультанттарының жұмыс нысандары, жекелеген қызмет түрлеріне тариф белгілеу, клиенттерді тарту және заң қызметін ұйымдастырудың басқа да аспектілері бойынша практикалық сұрақтар қойды.
Сакен Асайнович пен Жадигер Маусымбаев келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, практикалық ұсынымдарымен және тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар спикерлерге және Республикалық заң консультанттары алқасына мазмұнды әрі практикаға бағытталған вебинар өткізгені үшін алғыс білдірді.
Республикалық заң консультанттары алқасы заң консультанттарының біліктілігін арттыру, кәсіби құзыреттерін дамыту және практикалық тәжірибе алмасу бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
Өткізілген оқыту іс-шаралары туралы ақпаратпен және вебинарлар жазбаларының мұрағатымен Алқаның ресми сайтынан танысуға болады: https://rcla.kz/kz/obuchenie
