Жарияланды: 10.04.2026
Республикалық заң консультанттары алқасы Жоғарғы Сотта ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау мәселелерін талқылауға қатысты

2026 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында «Цифрландыру жағдайында ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді құқықтық қорғаудың заманауи әдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шариповтың төрағалығымен өтіп, оған судьялар, мемлекеттік органдардың өкілдері және заңгерлік қауымдастық мүшелері қатысты.

Отырыста цифрлық ортаның қарқынды дамуы жағдайында ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғаудың өзекті мәселелері, атап айтқанда жалған ақпараттың таралуы, моральдық зиянды өтеу мөлшерін айқындау және осы санаттағы істер бойынша сот актілерін орындау мәселелері талқыланды.

Республикалық заң консультанттары алқасынан іс-шараға төраға орынбасары Акжанов Абдыкарым қатысты.

Баяндамамен Алқа құрамына кіретін Астана қаласы заң консультанттары Палатасының төрағасы Скаков Ануарбек және Палата мүшесі Пономарев Булат сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар Жоғарғы Соттың ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы заңнаманы қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік қаулы жобасын әзірлеу барысында ескерілетін болады.

Дереккөз: https://www.facebook.com/share/p/1CSGhB38kg/?mibextid=wwXIfr

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: