2025 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасының аумағында «Халық заңгері» жалпыұлттық әлеуметтік науқаны өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық заң консультанттары алқасы, Қазақстан заңгерлер лигасы, сондай-ақ мемлекеттік органдар.
Науқанның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және халықтың осал топтарына – аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне, студенттерге және азаматтардың басқа да санаттарына тегін заң көмегін көрсету.
Еліміздің барлық өңірінде тегін заң көмегін көрсету пункттері ұйымдастырылып, азаматтар құқықтық мәселелер бойынша кәсіби кеңес алды.
Республикалық заң консультанттары алқасына мүше Палаталар аталған бастамаға дәстүрлі түрде белсене қатысты. 2025 жылы акцияға 139 заң консультанты қатысып, еліміздің 60 елді мекенін, оның ішінде 21 қала мен 40 ауданын қамтыды.
Азаматтардың жүгіну тақырыптары сан алуан болды – отбасылық, еңбек және жер қатынастарына қатысты сұрақтардан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мұрагерлік және мүліктік даулар, тауар таңбаларын тіркеу, мемлекеттік органдарға шағымдар мен интернет-алаяқтық жағдайларына дейін.
Республикалық заң консультанттары Палаталарының «Халық заңгері» науқанына жыл сайын қатысуы құқық институттарын дамытуға, заңдылық принциптерін нығайтуға және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге деген ұмтылысын білдіреді.
Іс-шара барысында мыңдаған қазақстандықтар білікті заң көмегін алды.
Республикалық заң консультанттары алқасы науқанға қатысқан барлық заңгерлерге кәсібиліктің жоғары деңгейі, жанашырлық және еліміздегі құқықтық мәдениетті дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.