2026 жылғы 31 наурызда Астана қаласында Республикалық заң консультанттары алқасының (РКЮК) кеңсесінде Конституциялық реформаны түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан заң консультанттарын марапаттау рәсімі өтті.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошановтың атынан жолданған алғыс хаттарды Республикалық заң консультанттары алқасының және «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай табыстады.
Салтанатты іс-шара барысында Серік Ақылбай заң консультанттарының ел үшін маңызды кезеңдегі рөліне тоқталды.
«Жаңа Конституцияның мәні мен маңызын халыққа жеткізу – кәсіби міндетпен қатар, жоғары азаматтық жауапкершілікті талап етеді. Алқа құрамындағы заң консультанттары палаталарының мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық реформалардың мазмұнын қолжетімді тілде жеткізді. Бұл марапат олардың еңбегіне берілген лайықты баға», – деді төраға.
Айта кетсек, РКЮК құрамына кіретін заң консультанттары палаталары 2026 жылғы 28 қаңтар мен 12 наурыз аралығында республика бойынша 87 ақпараттық іс-шара өткізді, оның ішінде 7 іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтті.
Жалпы алғанда, үгіт-насихат жұмыстары 6 мыңнан аса азаматты қамтыды. Өткізілген іс-шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және Конституция жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ықпал етті.
Республикалық заң консультанттары алқасы алдағы уақытта да құқықтық реформаларды ілгерілету және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
