Жарияланды: 16.01.2026
РКЮК заң консультанттары Qazpatent өткізген вебинар аясында зияткерлік меншік саласы бойынша біліктілігін арттырды

2026 жылғы 15-16 қаңтар күндері Ұлттық зияткерлік меншік институты Qazpatent Республикалық заң консультанттары алқасының (РКЮК) құрамына кіретін палаталардың мүшелері үшін екі күндік оқыту вебинарын өткізді.

Іс-шара аясында Qazpatent сарапшылары зияткерлік меншік құқықтарын құқықтық қорғаудың өзекті мәселелері бойынша жан-жақты шолу жасап, келесі тақырыптарға ерекше назар аударды:

Қазақстан Республикасында өнеркәсіптік үлгілерді, географиялық көрсеткіштерді және тауарлардың шығарылған жерінің атауларын құқықтық қорғау;

өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеу;

Патенттік кооперация туралы шарт (PCT) шеңберіндегі өнертабыстарды халықаралық патенттеу;

Еуразиялық патенттік конвенцияға сәйкес өнертабыстарды өңірлік патенттеу.

Вебинар барысында қатысушылар өздерінің кәсіби қызметінде туындайтын мәселелер бойынша мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған толық жауаптар алды.

Республикалық заң консультанттары алқасы іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және кәсіби диалогқа ашықтық танытқаны үшін Qazpatent басшылығы мен сарапшыларына алғысын білдірді.

Аталған вебинар РКЮК үшін 2026 жылғы алғашқы оқыту іс-шарасы болды. 2025 жылы Алқа тарапынан судьялардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен кәсіби қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен 29 тегін вебинар ұйымдастырылып, өткізілді. Жыл қорытындысы бойынша 3 791 заң консультанты біліктілігін арттырып, сертификаттарға ие болды.

Оқыту іс-шараларының тақырыптары РКЮК құрамына кіретін палаталар мүшелерінің сұраныстары негізінде қалыптастырылады.

2025 жылы өткізілген вебинарлардың мұрағатымен РКЮК-тің ресми сайтында танысуға болады: https://rcla.kz/ru/obuchenie

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: