2026 жылғы 29 қаңтарда Конституциялық комиссияның кезекті отырысында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Серік Ақылбай Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін түзетулердің жинақталған жобасына қатысты өз бағасын білдірді.
Өз сөзінде ол ұсынылған жоба конституциялық құрылымның іргелі негіздерін қамтитын ауқымды нормалар кешенін қамтитынын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістердің көлемі мен тереңдігі қолданыстағы Негізгі заңға түзетулер енгізу туралы емес, іс жүзінде жаңа Конституцияны қалыптастыру туралы айтуға негіз береді.
«Ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен тереңдігін бағалай отырып, қолданыстағы Конституцияның жаңа редакциясы туралы емес, іс жүзінде жаңа Конституция туралы айту орынды деп санаймын», – деп атап өтті Серік Ақылбай.
Ол бір палаталы Парламентті, Халық кеңесін, Үкіметтің, сот жүйесінің және құқық қорғау тетіктерінің жаңартылған үлгілерін қамтитын жаңа институционалдық архитектураның қалыптасуына назар аударды. Оның пікірінше, бұл Қазақстанның конституциялық дамуының сапалы жаңа кезеңі болып табылады және қоғамның басқару тиімділігіне, құқықтық айқындыққа және адам құқықтарын қорғауға қойылатын өскелең талаптарына жауап береді.
Сонымен қатар Серік Ақылбай жаңа Конституция мемлекеттіліктің негізгі құндылықтарының сабақтастығын қамтамасыз етіп, оларды жинақталған құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып дәйекті түрде дамытуы тиіс екенін атап өтті.
Отырыс барысында ол Конституцияда діннің мемлекеттен бөліну қағидатын тікелей бекіту жөніндегі өз ұсынысын еске салды. Аталған норма жинақталған жобаға енгізілген. Сонымен бірге ол діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатынын және конституциялық құрылымды қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, адам құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екендігін нақтылайтын норманы қосымша айқындауды ұсынды.
Серік Ақылбай адвокатура мәртебесіне қатысты нормаларға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аталған норма қосымша пысықтауды талап етеді.
«Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету міндеттеріне толық сәйкес келетін, барынша теңгерімді тұжырымдарды қалыптастыру қажет», – деді ол.
Жалпы алғанда, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ және Республикалық алқа төрағасы Конституциялық комиссияның жұмысы сындарлы әрі жүйелі бағытта жүргізіліп жатқанын атап өтті.

