Жарияланды: 27.02.2026
Серік Ақылбай Батыс Қазақстан машина жасау зауытының ұжымымен өткен кездесуге қатысты

Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Ақылбай Жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы құрамында Орал қаласындағы Батыс Қазақстан машина жасау зауытының еңбек ұжымымен өткен кездесуге қатысты.

Кездесу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтіп, жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін республикалық референдумды талқылауға арналды. Диалогқа сондай-ақ Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев және кәсіпорынның еңбек ұжымы өкілдері қатысты.

Кездесу барысында еңбек адамының құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, сондай-ақ жаңа Конституция жобасында қауіпсіздік пен әділеттілік қағидаттарын бекіту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Серік Ақылбай Конституция мәтінінде еңбек ету құқығын, қауіпсіз әрі гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайларын және лайықты еңбекақы алу құқығын бекітудің өндіріс саласы қызметкерлері үшін қағидаттық маңызы бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, еңбек адамына деген құрмет ұран деңгейінде қалмай, қызметкерлердің құқықтарын қорғауды және олардың әлеуметтік қорғалуын нақты құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасына еңбексүйгіштік ұғымының мемлекеттің қызметінің негіз қалаушы қағидаттарының бірі ретінде енгізілуі адал еңбектің ұлттық дамудың басты құндылығы ретінде танылуын білдіретінін атап өтті.

Ашық диалог барысында еңбек ұжымы өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, жұмысшылардың құқықтарын нақты қорғау кепілдіктеріне, әділ еңбекақы төлеуге және тұрақты жұмыспен қамтуға қатысты сұрақтарын қойды.

Кездесу қорытындысы бойынша коалиция өкілдері зауыт қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, 15 наурыздағы референдумға саналы түрде қатысу еңбек адамының әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елдегі құқықтық қағидаттарға деген сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

a72567ce-011e-4b0b-bd3b-3d6f57bee3d4-e1772205160106.jpeg

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: