2026 жылғы 5 ақпанда Конституциялық комиссияның VIII отырысында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауапкершілігін конституциялық деңгейде бекіту жөнінде бастама көтерді.
Өз сөзінде ол Конституцияда мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығын тікелей бекітуді ұсынды. Спикер мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тәжірибеде азаматтардың құқықтарының бұзылуына көбінесе дәл осы әрекетсіздік себеп болады.
Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдерін созу, міндетті шешімдерді қабылдамау, сот актілерін орындаудан жалтару және қызметтік міндеттерге формалды қарау жағдайлары жиі кездеседі. Нәтижесінде азамат құқықтық белгісіздік жағдайында қалады: оның құқықтары формалды түрде танылғанымен, іс жүзінде жүзеге асырылмайды.
«Әрекетсіздік кезінде де, заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда да билік өкілеттіктерін жүзеге асырудың заңмен белгіленген тәртібі бұзылады, бұл жеке тұлғаның мүдделеріне зиян келтіреді. Осы тәуекелдерді ескере отырып, мемлекет азаматтарды заңсыз шешімдер мен әрекеттерден барынша қорғау үшін өзара іс-қимыл рәсімдерін жүйелі түрде жетілдіріп, процестік заңнаманың тиімділігін арттыруы тиіс», – деп атап өтті Серік Ақылбай.
Ол 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы мемлекет пен азамат арасындағы құқықтық қатынастар моделін трансформациялауда маңызды кезең болғанын атап өтті. Кодекс күмән туындаған жағдайда мемлекеттік орган шешімінің заңдылығын дәлелдеу міндетін сол органның өзіне жүктеу қағидатын бекітті.
Серік Ақылбайдың пікірінше, қылмыстық қудалау, әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, жер және салық қатынастары салалары ерекше сезімтал болып табылады, өйткені бұл бағыттардағы қателіктер немесе өкілеттіктерді теріс пайдалану азаматтар үшін елеулі әрі ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты мемлекеттің жария-құқықтық жауапкершілігін Конституция деңгейінде бекіту қағидатты мәнге ие. Мұндай норма қолданыстағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік институттарын толықтырып, жеке тұлға мен жария билік арасындағы теңгерімді қалпына келтірудің тиімді құралы болар еді.
Сонымен қатар ол зиянды өтеу тетігі өтемақылық, алдын алу және құқықтық-тәрбиелік функцияларды қатар атқаратынын атап өтті. Бұл құқықты конституциялық деңгейде бекіту заң шығарушы мен сот жүйесі үшін маңызды бағдар болумен қатар, мемлекеттің өз шешімдерінің салдары үшін жауапкершілік алатын институт ретіндегі қоғам сенімін нығайтар еді.
Отырыста сондай-ақ Конституция жобасын талқылау барысында азаматтардан түскен ұсыныстар Комиссия жұмысында ескерілгені айтылды. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы мазмұнды әрі ашық диалогтың көрінісі болып табылады.
Сөз соңында Серік Ақылбай жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығаруды қолдайтынын білдірді.

