Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Серік Ақылбай Жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы делегациясының құрамында Орал қаласына жұмыс сапарымен барып, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен өткен кездесуге қатысты.
Делегация құрамында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары және Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері болды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, адами капиталды дамыту, білім, ғылым, мәдениет және инновациялардың елдің стратегиялық дамуындағы рөлі талқыланды.
Серік Ақылбай өз сөзінде 2026 жылғы конституциялық реформа мемлекеттік саясаттың өзегіне адамды, оның білімі мен құзыреттерін, әлеуетін қоятын жаңа даму моделіне көшуін бекітетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекіту білім беру жүйесін жаңғыртуға, ғылыми зерттеулерді қолдауға және инновациялық ортаны дамытуға берік құқықтық негіз қалайды.
Сондай-ақ ол Конституцияның жаңа редакциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және елдің орнықты институционалдық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар жаһандық бәсекелестік жағдайында ел дамуының басым бағыттарын, жастардың Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы рөлін және конституциялық жаңғырту үдерісіне қоғамдық қатысудың маңызын талқылады.

