2026 жылғы 27 ақпанда Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Ақылбай Жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы құрамында Батыс Қазақстан облысының креативті әрі белсенді жастарымен кездесуге қатысты.
Іс-шара коалиция делегациясының жұмыс сапары аясында Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде өтті. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Мәжіліс депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері және қоғамдық сектор өкілдері қатысты.
Диалог барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, адами капиталды дамыту, ғылымды, білімді және креативті индустрияларды қолдау мәселелері, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге, дербес деректер мен зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған нормалар талқыланды.
Серік Ақылбай конституциялық жаңғырту үдерістерін талқылауда жастардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, Негізгі заңда айқындалған қағидаттар мен құндылықтарды іске асыру дәл осы жас ұрпақтың үлесіне тиетінін айтты.
Кездесу барысында қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Іс-шараның жалпы қамтуы – 100 адам.

