Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Серік Ақылбай Жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы құрамында Орал қаласындағы Uniserv Medical Center ұжымымен өткен кездесуге қатысты.
Кездесу жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін республикалық референдумды талқылауға арналды. Диалогқа сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары және өңірдің денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау және заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу құқығын бекіту мәселесіне, сондай-ақ цифрлық трансформация және ғылым мен инновациялардың өсуі жағдайында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар құқықтық кепілдіктердің тұрақтылығы, пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету әлеуметтік мемлекеттің негізгі элементтері болып табылатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша медициналық қауымдастық өкілдері өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешімді азаматтар 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылдайтыны атап өтілді.
