Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Республикалық заң консультанттары алқасының және «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Серік Ақылбай өңір тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен және студент жастармен бірқатар кездесулерге қатысты.
Жұмыс тобының құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев, адвокат Ләззат Ахатова және қоғам қайраткері Қайрақбай Жанабеков кірді.
Кездесулердің негізгі алаңдарының бірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ еңбек ұжымымен өткен жиын болды. Оған кәсіпорынның 300-ден астам қызметкері қатысты. Талқылау барысында еңбек адамының құқықтарын қорғау, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, әділеттілік қағидатын нығайту, сондай-ақ жаңа Конституцияның мемлекеттің заманауи институционалдық архитектурасын қалыптастырудағы рөлі мәселелері көтерілді.
Серік Ақылбай ұсынылып отырған өзгерістердің стратегиялық маңызын атап өтіп, жаңа Конституцияның адам капиталын дамытуға, құқықтық кепілдіктерді күшейтуге және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесу өтті. Ашық диалог барысында білім беру, ғылым және инновацияны елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде Конституция деңгейінде бекіту мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары барысында заңдылықты қамтамасыз ету, жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғау, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар коалиция өкілдері Ақтөбе құбыр зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мәселелері талқыланды. Серік Ақылбай конституциялық өзгерістер әділетті еңбек қатынастары мен еңбек адамының құқықтарын тиімді қорғауға берік құқықтық негіз қалыптастыруы тиіс екенін атап өтті.
Жұмыс сапары өңір тұрғындарымен мазмұнды диалог алаңына айналып, конституциялық реформаның негізгі бағыттарын ашық форматта талқылауға мүмкіндік берді.
