Жарияланды: 26.06.2026
Шығыс Қазақстан облысы бойынша заң консультанттары палатасы «Халыққа кеңес» акциясына қатысты

2026 жылғы 26 маусымда Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Шығыс Қазақстан облысы бойынша заң консультанттары палатасының өкілдері Шығыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ұйымдастырған Open Air «Халыққа кеңес» ақпараттық-түсіндіру акциясына қатысты.

Іс-шара Өскемен қаласындағы Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда өткізіліп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Акция барысында қала тұрғындарына «Бір терезе» қағидаты бойынша тегін заң көмегі көрсетілді. Палата өкілдері азаматтарға азаматтық, еңбек және отбасы заңнамасы мәселелері бойынша құқықтық консультациялар беріп, Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген нормаларына түсіндірме жасады.

Іс-шараның негізгі мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен заң қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.

Палата өкілдерінің осындай бастамаларға қатысуы құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог қағидаттарын іске асыруға ықпал етеді.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: