2026 жылғы 24 маусымда Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін Шығыс Қазақстан облысы бойынша заң консультанттары палатасының өкілдері Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы ұйымдастырған «Құқықтық дәріхана» республикалық акциясына қатысты.
Акция халыққа тегін құқықтық көмек көрсетуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзекті мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды.
Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары еңбек және жер заңнамасы, мұраны рәсімдеу, сот актілерін орындау, кәсіпкерлік қызметті бастау, салықтық міндеттемелер және өзге де құқықтық мәселелер бойынша білікті заң консультацияларын алды.
Сонымен қатар, акцияға қатысушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары, цифрлық қауіпсіздік талаптары, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Палата өкілдерінің осындай іс-шараларға қатысуы білікті заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға, халықтың құқықтық мәдениетін нығайтуға және мемлекеттік органдар мен заң қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.
