2026 жылғы 23 ақпанда Республикалық заң консультанттары алқасының (РЗКА) құрамына кіретін Ақмола облысы заң консультанттары палатасының мүшелері Сайдалина Г.С. және Ломакин В.Г. «AMANAT» партиясының өкілдерімен және «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Ақмола өңірлік штабы мүшелерімен бірлесіп, Степногорск қаласындағы Мәдениет сарайының ұжымымен кездесуге қатысты.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау қатысты.
Өз сөзінде заң консультанты Г.С. Сайдалина жаңа Конституция жобасының негізгі өзегі ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, адам капиталымен және азаматтардың жетістіктерімен айқындалатынын көрсететін маңызды бетбұрыс.
Өнер және мәдениет саласы өкілдері үшін жаңа Конституция жобасы шығармашылық еркіндік пен мәдени құндылықтарды мемлекеттік деңгейде мойындауды және сақтауды ұштастыратын тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырады. Бұл креативті индустрияларды, қоғамдық мәдени бастамаларды дамытуға және мемлекет пен шығармашылық қауымдастық арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
Мәдениет сарайының ұжымы талқылауға белсенді қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Кездесу сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтіп, әрбір азаматтың қоғамдық маңызы бар үдерістерге қатысуының маңыздылығын айқындады.
Іс-шараның жалпы қамтуы – 109 адам.
