2026 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласында Республикалық заң консультанттары алқасының құрамына кіретін «Құқықтық қорғау және заңгерлік қызметтер көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының төрағасы Әлімов О.Т. «Тұран» университетінің Жоғары құқық мектебінің студенттерімен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында білім алушыларға Ата заң жобасының тұжырымдамалық ережелері таныстырылып, ұсынылып отырған жаңашыл нормалар мен олардың институционалдық маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар жоба ережелеріне қолданыстағы Конституция редакциясымен салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізіліп, жүйелі өзгерістерге және олардың елдің құқықтық әрі мемлекеттік моделін дамытуға ықпалына ерекше назар аударылды.
Еске сала кетейік, республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған. Бұл күні әрбір азаматтың дауыс беруі Қазақстан Республикасының одан әрі конституциялық дамуы үшін айрықша маңызға ие.
