2026 жылғы 20 ақпанда «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалициясының мүшелері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Талдықорған қаласындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мазмұны мен маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Еркін пікір алмасу алаңына Қуаныш Сайлаубай, Ерғазы Қошанбеков, Республикалық заң консультанттары алқасының (РЗКА) құрамына кіретін Алматы қаласындағы «Құқықтық қорғау және заң көмегін көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының мүшесі, сондай-ақ «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Жетісу облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Құдайберген, Сайран Жасұланұлы және Асхат Базилов қатысып, ұжым өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Кездесу барысында сөз алған өңірлік коалиция өкілі Ерғазы Қошанбеков Жаңа Конституция жобасы ең алдымен білім мен ғылымды дамытуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат – еліміздің болашағын айқындайтын, жастардың сапалы білім алуына кепіл болатын стратегиялық шешім.
– Ата Заңдағы өзгерістер азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақтылай түседі. Негізгі басымдық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Жаңа редакциядағы Конституция әділетті қоғам қалыптастыруға, заң үстемдігін орнықтыруға және мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталуы тиіс, – деді баяндамашы.
Өз кезегінде Нұрбек Құдайберген жаңа жобада әлеуметтік кепілдіктердің күшейтілуі, еңбек құқықтарының қорғалуы және әділетті қоғам құру қағидаттарының айқын көрініс тапқанын атап өтті.
Іс-шараға шамамен 150 адам қатысты.
