2026 жылғы 13 ақпанда Республикалық заң консультанттары алқасы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында еліміздің өңірлерінде компания қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне заң көмегін көрсету жұмыстары басталды.
Меморандумның негізгі мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу. Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, оның ішінде ерекше күтім мен оңалтуды қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға ерекше көңіл бөлінеді.
«Жылы жүрекпен» әлеуметтік жобасы кешенді қолдауды көздейді. Жоба аясында ата-аналарға оңалту орталықтарының мамандарымен қатар, білікті заң консультанттарынан да кеңес алу мүмкіндігі ұсынылады.
Жобаны іске асырудың маңызды бағыттарының бірі – арнайы бекітілген кестеге сәйкес компанияның диалог алаңдарында бірлескен қабылдаулар өткізу.
Аталған бастаманы алғашқылардың бірі болып Алқа құрамына кіретін Астана қаласының және Маңғыстау облысының заң консультанттары палаталары қолға алды.
Мәселен, 2026 жылғы 7 сәуірде Маңғыстау облысының заң консультанттары палатасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері үшін келесі елді мекендерде көшпелі қабылдаулар ұйымдастырды:
✔️ Мұнайлы ауданында – 3 заң консультантының қатысуымен;
✔️ Жаңаөзен қаласында – 3 заң консультантының қатысуымен;
✔️ Шетпе кентінде – 1 заң консультантының қатысуымен.
Қабылдаулар барысында азаматтарға құқықтық кеңестер беріліп, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу тәртібі түсіндірілді.
Меморандумды іске асыру әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға және ұлттық компания мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.
